– Дебюттік ойының, жеңістерің құтты болсын! Бүгінгі ойынға байланысты не айтасың? Қобалжыған боларсың!?
– Рахмет! Өзіңіз көргендей жасыл алаңға екінші таймда шықтым. Томағамды сыпырып, топқа қосқан бас бапкеріміз Сергей Богдановичке алғысымды айтамын. Ойынның өте қиын, тартысты болғанын көрдіңіздер. Жеке өзімнің ойыныма тоқталар болсам, ұзақ уақыттан бері ресми ойынға шықпап едім. Оқу-жаттығу жиынында жолдастық кездесулерге қатысқаным бар. Бірақ жолдастық кездесу мен ресми ойындардың айырмашылығы жер мен көктей. Тұсаукесер ойынымда қобалжығаным рас. Әзірге басы жаман емес деп ойлаймын. Дегенмен жаттығу кезінде екі есе тер төгіп, шеберлігімді шыңдай түсуге бар күшімді саламын.
– Алаңға шығар алдында бас бапкер қандай ақыл-кеңес берді?
– Сергей Богданович ең бірінші ойыңдағының бәрін шығарып тастап, қорықпай, қобалжымай ойна деп айтты. Қалай ойнасаң да ешкім саған ұрыспайды. Өзіңе сенімді бол. Өз ойыныңды ойна. Одан артықты ешкім сенен талап етпейді деп сенімділігімді арттыра түсті. Алаңға шыққанда жауапкершілікті сезіндім. Бапкердің сөздері, тапсырмалары ойымда болды. Шамам келгенше артылған сенімді ақтауға тырыстым.
– Өз ойныңа көңілің толды ма?
– Ең бастысы, командам жеңіске жетті. Жоғарыда айтқанымдай, артылған сенімді ақтауға тырыстым. Алғашқы аяқ алысыма бағаны жанкүйер қауым бере жатар. Оларды қуанта алсақ, сенімдерін ақтасақ, мақсатымыздың орындалғаны. Солар үшін ойнаймыз. «Уфа» сапында алғашқы жеңіске қол жеткізгеніме өте қуаныштымын.
– Басқа команда, басқа қала, басқа ел. Команда ойыншылары өзіңді қалай қабылдады?
– «Уфа» командасы өте жақсы қарсы алды. Клуб қызметкерлері де командаластарым да көмекке әрдайым дайын. Біз бір үлкен отбасы секілдіміз. Командаға, қалаға үйренуге барлық жағдай жасалған. Тұрмыстық жағдайда да, адами қарым-қатынас мәселесінде де ешқандай проблема жоқ. Келгеніме көп болмаса да ұжымға сіңісіп кеттім.
– Ұлттық құрамаға шақырту алдың. Бұл да сенің бағындырған бір белесің болмақ. Әрбір футболшының арманы – ел намысын қорғау. Өзің құрамаға шақырту алғаныңды білгенде қандай сезімде болдың?
– Әрине, қатты қуандым. Бала кезімнен ұлттық құрама жейдесін кию арманым еді. Енді сол арманыма жетуіме аз қалды. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік, сенім деп білемін. Қазақ футболы жаңа кезеңге қадам басып отыр. Футболымыз дамып келеді деп сеніммен айта аламын. Қазақ футболында беделі зор бапкер бас команданың тізгінін ұстады.
– Бапкер демекші, Станимир Стойловтың өзің туралы ақпарат көбейіп кеткендіктен, «циркке айналдырып жіберді» деген сөзін естіген боларсың?
– Иә естідім. Станимир Стойлов өте білікті бапкер. Оны айтпасам да жақсы білесіздер. Қазақстан футболын әлемге танытқан тұлға деп айта аламын. «Астана» футбол клубымен тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Сондықтан Стойловпен бірге жұмыс істеу мен үшін абырой. Бапкердің айтқандарын тиянақты орындап, ұлттық құрамамен алдағы ойындарда жеңіске жетуге тырысамыз. Жанкүйер қауымның сенімін ақтауға күш саламыз.
– «Егеменнің» оқырмандарына тілегің?
– Қазақтың қаршадай қара баласы Ресей жерінде алғаш рет доп тебеді, дебюттік ойынын өткізеді дегенді естігенде, сонау Астанадан арнайы іздеп келіп, қолдау білдірдіңіздер! «Егемен Қазақстан» газетіне көп рахмет! Газет оқырмандарына, қазақ футболының жанкүйерлеріне алғысымды айтамын. Менің жеңісім – қазақ футболының жеңісі деп білемін.
Әңгімелескен Еркебұлан ЖОМАРТ,
«Егемен Қазақстан»